Акция туралы

Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап, бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуға тиіс.

Бір кітапты жалпы қала болып оқу идеясы АҚШ-тың солтүстік-батысындағы ірі қала Вашингтон штатына қарасты – Сиэтл көпшілік кітапханасының кітап орталығы тарапынан ұсынылған. 1998 жылы «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» тақырыбымен алғаш өткізілген акцияның мақсаты – Сиэтл халқының бірлігін нығайту және оларға оқуды насихаттау. Бұдан соң осыған ұқсас мәдени шаралар Чикаго, Буффало, Рочестер қалаларында да ұйымдастырылды.

«Бір кітап, бір Чикаго» (One book, one Chicago) бағдарламасы Чикаго жұртшылығына белсенді ықпал ету арқылы Чикаго көпшілік кітапханасында басталды. Оның негізгі мақсаты қаланың ересек тұрғындары мен жастарын бір кітапты бір уақытта оқуға және оны ұжым болып - отбасында, жұмыста жолдастары мен таныстары арасында, кітапханаларда, оқу мекемелерінде, кітап дүкендерінде, діни ұйымдарда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда талқылауға ынталандыру болып табылады. Бұл - қаланың кенеттен кітапсүйерлер клубына тән өзгерістермен құбылатын күні.

Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аталған акцияға барша халықпен бірге Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да белсене ат салысуда. Акцияның бастамашысы – біздің А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасы.

0 коммент.:

Отправить комментарий