Автор туралы

Фариза Оңғарсынова - қазақ ақыны, халық жазушысы, журналист, Қазақстан Республикасы мәжілісінің депутаты (2000-2004).
1939 жылдың 5 желтоқсанында Гурьев (қазіргі Атырау) облысы, Новобогат ауданына қарасты Манаш ауылында туған. 1961 жылы Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін бітіріп, Балықшы ауданының Еркінқала, Октябрьдің 40 жылдығы атындағы қазақ мектептерінде ұстаздық еткен. 1966-1970 жылдары Гурьев облыстық "Коммунистік еңбек" газетінің партия тұрмысы бөлімінде әдеби қызметкер болып істеген. 1968-1970 жылдары республикалық "Лениншіл жас" (қазіргі «Жас Алаш»)  газетінің Ақтөбе, Гурьев, Орал облыстары бойынша меншікті тілші қызметін атқарған. 1970-1978 жылдары республикалық "Қазақстан пионері" (қазіргі «Ұлан») газетінің бас редакторы, 1978-2000 жылдары "Пионер" (қазіргі «Ақжелкен») журналының бас редакторы болып істеген.
Орыс, туысқан республикалар ақындарының, Чили ақыны П. Неруданың жырларын, кейбір драмалық шығармаларды қазақ тіліне аударған.
Алғашқы өлеңдері баспасөз беттерінде 1958 жылдан бастап шыққан. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Сандуғаш» 1966 жылы жарық көрген. «Алмас қылыш», «Тартады бозбаланы магнитім», «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын», «Тыңдаңдар, тірі адамдар», «Қарғыс»», «Қасірет пен ерлік жыры» поэмалары. Ақын лирикасы «Маңғыстау маржандары» (1969), «Мазасыз жүрегіңдемін»  (1975), «Шілде» (1978), «Сұхбат» (1983), «Жүрек күнделігі”» (1984), «Дауа» (1985), «Екі томдық: Таңдамалы шығармалары» (1987), «Өсиет» (1995), «Қыз ғұмыр» (1996) және «Мен саған ғашық емес ем»  (1999) сынды дүниелермен толықты. 1984 жылы «Үйім – менің Отаным», «Маңғыстау монологтары», «Революция және мен» өлең топтамалары үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
Әр жылдары 20-дан астам өлең жинақтары, очерктері, таңдамалы шығармалары, "Біздің Камшат" повесі, аудармалары "Жазушы", "Жалын", "Молодая гвардия" баспаларынан жарық көрді.
Ақынның творчествосына тән басты қасиет – шындыққа бас ию. Оның бұл қасиеті кез келген туындысынан да айқын көрініп тұрады.  1979 жылы жарық көрген «Сенің махаббатың» жинағындағы «Сырласу немесе ақын әйелдің анасымен диалогы» атты поэмасы ақын творчествосының шындық шырқауы, негізгі қағидасы. Шындық, қайсарлық, адамгершілік, махаббат, сенім сияқты философиялық категориялар Ф. Оңғарсынованың поэмасында нанымды, салмақты көрініс тапқан.

Ленин комсомолы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамоталарымен, «Құрмет Белгісі», «Парасат» ордендерімен марапатталған. 

0 коммент.:

Отправить комментарий